Кітапханаға танымдық экскурсия – білімге бастар жол
№148 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін кітапханаға танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушыларды кітап әлемімен таныстыру, кітапхана қызметінің ерекшеліктерін түсіндіру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру дағдыларын қалыптастыру.
Экскурсия барысында оқушылар кітапхананың құрылымы, бөлімдері және кітап қорының мазмұнымен танысты. Сонымен қатар, кітапханадағы заманауи қызмет түрлері туралы кеңінен ақпарат беріліп, кітаптарды іздеу, таңдау және оқу мәдениетін сақтау бойынша маңызды мәліметтер ұсынылды.
Кездесу аясында «Алматы кітапханалары» жүйесінің бірыңғай оқырман билеті таныстырылып, оның мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, аталған билет арқылы қала кітапханаларына тіркеліп, қажетті әдебиеттерді 14 күн мерзімге үйге алу, электронды ресурстарды пайдалану және түрлі мәдени-танымдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігі бар екені атап өтілді.
Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Осындай мазмұнды кездесулер білім алушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына және ой-өрісінің кеңеюіне оң ықпал етеді.
Іс-шараның бейнематериалын төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар.https://www.instagram.com/p/DXEWyiXDZ96/?hl=ru




